Атырауда 1 шілдеден бастап Мансап орталықтары жұмысын бастайды

Атырауда «Атырау облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Ал бірінші шілдеден бастап Еңбек мобильдігі орталықтарының филиалдары Мансаптық орталықтарға айналдырылады. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов баспасөз брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 1 шілдеден бастап Атырау облысы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтары таратыла отырып, барлық 7 ауданда және Атырау қаласында Мансап орталықтары жұмысын бастайды.

- Қала мен барлық аудандарда Халықты жұмыспен қамту орталықтары мекемесінің жұмысын тарату туралы қаулы қабылданып, барлық қызметкерлерге бір ай бұрын 1 маусымда қолдарына хабарламаларын алды. Еңбек министрімен жаңадан құрылған Еңбек мобильдігі орталығының басшысымен сұхбаттасу өткізіліп, үміткер келісілді. Аталған мекеме басшысы болып халықты жұмыспен қамту саласында тәжірибесі бар Қайрат Бақтыгерейұлы Омаров 6 айлық сынақ мерзімімен бекітілді. Мекеме Әділет департаментінде тіркеліп, қазіргі уақытта Мансап орталықтарының жұмысын ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде, - деді А.Мәмбетов. 

Мансап орталықтарының негізгі міндеті - ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау. Бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет көрсететін еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.