Атырауда 1 жылда 18 мыңнан астам сәби өмірге келген

Өткен жылы Атырау облысында 18 176 нәресте дүниеге келген. "Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Ұлт саулығы жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды"
деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
"Мұнайлы өңірде бала туу көрсеткіші жоғарылап отыр.
Сонымен бірге , облыста 1 жасқа дейінгі сәби өлімі көрсеткіші азайған.
2020 жылы 154 сәби өлі туылған еді.  Былтыр бұл көрсеткіш 5 сәбиге азайды. Дегенмен, бір жасқа дейінгі сәби шетінеу мәселесі әлі де өзекті. Оның ішінде үй жағдайында шетінеу жайттары жиі кездесіп отыр. Мәселен, баланы емізу кезінде тұншықтырып алған және жол апатынан шетінеген оқиғалар да тіркелді. Сонымен қатар жарақат алу, тыныс жолдары мен жұқпалы аурулардан да шетінеу жағдайлары жиі кездеседі, - деді  Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұханбетов.
Кеңес отырысында балалар дәрігерлерінің жетіспеушілігі, бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету, емдеу және сауықтыру мекемелерінің типтік материалдық базасын нығайту мәселелері көтерілді.
Жиын қорытындысында  сәбилердің өлім-жітімін азайтуға арналған бірқатар шаралар ұсынылды.
Олардың қатарында материалдық-техникалық базаны нығайту,  мамандардың шетелдерде  біліктілігін арттыру сынды ұсыныстар бар.
Айта кетейік, Атырау облысында балаларды емдеу ісінде қол жеткізген оңды істер де бар.  Мәселен, облыстық балалар ауруханасы деңгейінде бұрын-соңды жасалынбаған күрделі оталар жасалып жатыр.