Атырауда 1 айда қараусыз жүрген малдың кесірінен 27 көлік апаты болды

Бұл туралы облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Атырау облысы аумағында қыркүйек айында қараусыз жүрген малдың кесірінен 27 жол- көлік оқиғасы болды. Оның ішінде 9-ы облыстық маңызы бар Атырау-Индер тас жолында, ал 18 дерек республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркелді. Абырой болғанда, барлығы дін-аман, қаза тапқандар жоқ. Мәселен, 26 қыркүйек күні сағат 00:30 шамасында Орал-Атырау тасжолында жол апаты болды. Nissan Teana көлігі жол бойында жылқы малына соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасағаны жөнінде 102 желісіне хабарлама береді.  1988 жылы туған жүргізуші Атырау облыстық ауруханасына қаралуға келген. Оқиға салдарынан жүргізуші мен мал иесіне материалдық шығын келді.

Атырау облысы полиция департаменті қызметкерлері автокөлік жолдарында орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Тіпті, мал өтетін жерлер мен автокөлік жолы тұсында орнатылған арнайы белгілерге қарамастан жол-көлік оқиғалары азаяр емес. Осы орайда, полицейлер мал иелерінен өздерінің малдарын қараусыз қалдырмаулырын және қараңғы түскеннен кейін малды жол жиегінде жаймау қажеттілігін ескертеді. Сондай-ақ, барлық жүргізушілерді көлік жылдамдығын шектен тыс асырмауға, арнайы белгілер тұрған аумақтан жылдамдықты азайтып өтуді еске салады.

Айта кетейік, Атырау облысы аумағында жыл басынан бері 76 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 6 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Фото ашық дереккөздерден алынды.