Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Бүгінде №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 300-ден астам адам қызмет алады. Орталықта I, II топ мүгедіктері, психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан жандар, ерекше күтімді қажет ететіндер және қараусыз қалған қарттар бар. Бұл туралы №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлнәр Зинеденова мәлім етті.
Орталықтың мақсаты – мүгедектерге, жүйке ауруларына шалдыққан адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік стандарттарға сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсету және оңалту шараларын жүргізу. Мұнда ерекше күтімді қажет ететін психоневрологиялық патологиясы бар 18 жастан асқан мүгедек адамдарға барынша жағдай жасалынған.
- Бүгінде орталықта 310 адам тұрақты түрде жатып, ем алуда. Мекемеде арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін барлық жағдай қарастырылған. Арнайы бейне камералар, пандус, жедел шақыру түймесі, дабыл қағу құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар қызмет алушылардың жеке қызығушылықтары және қауіпсіздік шаралары үшін толық жағдай жасалынған. Осы жылға қойған жоспарлар кезең-кезеңімен орындалып келеді. Мекеме шарбағы жауын-шашын кездері уақтылы тазартылып, қызметкерлер мен қызмет алушылардың қозғалыстарына жағдай жасалды. Электр энергиясының жиі сөну кездерінде, генератор мерзімінде қосылып жарықпен және жылумен қамтамасыз етілді. 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың тұру жағдайында толықтай жағдай жасалған. Қызмет алушыларды оңалту мақсатында психолог, қараңғы сенcорлық кабинет, дефектолог, емдік дене шынықтыру, еңбекпен емдеу, мәдени, массаж, физиокабинет, лаборатория кабинеттері жұмыс жасайды, деді Г.Зинеденова.
Сонымен қатар маманның айтуы бойынша, Сарайшық ауылында орналасқан №1 Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орнатылының жаңа ғимаратын ашу жоспарланып жатыр.