Жыл басынан бері Атырау облысы аумағындағы республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардан 179 ақау анықталған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Орталық инженерлері 89 нысанға 363 рет тексеріске шыққан. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантурин айтты. Жергілікті 66 нысанға 204 рет тексеріске шыққан инженерлер 91 ақау анықтады. Оның 39-ы өрескел. 33 ақау әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Жол құрылысына қажетті материалдардан 1023 сынама алынды. Оның 364-і талапқа сай емес.
Ал, республикалық жолдарға пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 531 сынама алынып, зертханада тексерілді. Нәтижесінде 128 сынаманың ҚР Стандарттарына сай еместігі анықталды.
Сапасыз деп танылған 7378 шаршы метр асфальтбетон жабындысы, 5 текше метр темір бетон конструкциясы ауыстырылды. Бүгінгі күнге дейін 120 500 шаршы метр жолға қарақиыршықтас қайта төселді.
Жалпы, жыл басынан бері «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы анықтаған ақаулар мен кемшіліктер бойынша 418 млн.теңгеден астам қаржының жұмысы мердігерлер есебінен қайта жасалған.