Атырау жоғары медициналық колледжінің түлектері диплом алды

Атырау жоғары медициналық колледжінде 2025 жылғы бітіруші түлектерге арналған салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. Бұл сәт – 657 жас маманның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болды.

Түлектер «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі», «Акушерия», «Фармация», «Лабораториялық диагностика», «Стоматология» және «Ортопедиялық стоматология» секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгерді. Оның ішінде 20 студент оқуын үздік дипломмен аяқтады.

Болашақ медицина мамандарын құттықтауға Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Гимранқызы, медициналық мекеме жетекшілері, ардагер ұстаздар мен қоғамдық ұйым өкілдері келіп, түлектерге кәсіби жетістіктер, төзімділік пен мамандыққа адалдық тіледі.

Сондай-ақ, колледждің қоғамдық және тәрбие жұмыстарына белсене атсалысқан бірқатар студентке Алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты шара соңында түлектерге олардың еңбек жолының басталуын білдіретін символикалық еңбек кітапшалары берілді.

Мадина Сериккызы