Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ауылшаруашылық саласының ардагері, ел ағасы, ардақты азамат Аманжол Есқариев дүниеден озды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Есқариев Аманжол 1945 жылдың 6 тамызында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1963-1964 жылдары Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын тәмамдаған. 1969-1973 жылдары “Заурал” кеңшарының №3 фермасының мал дәрігері, 1973-1981 жылдары Махамбет аудандық ветеринариялық стансасында Эпизиотолог-дәрігер, 1981-1986 жылдары “Первомайский” кеңшарының бас мал дәрігері, 1986-1987 жылдары “Первомайский” кеңшары бастауыш партия ұйымының хатшысы, 1987-1994 жылдары “Первомайский” кеңшарының директоры, 1994-2005 жылдары “Первомайский”АҚ президенті, 2005 жылдан бастап “Первомайский” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдастырушылық қабілеті, жетістіктері ұжым, тұрғындар мемлекет тарапынан тиісті бағаларын алды. “Құрмет” орденімен, “Астана”, “Ерен еңбегі үшін”, “Тыңның 50 жылдығы”, “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл”, “ҚР мәслихаттарына 20 жыл”медалдарымен, ҚР Президенті алғыс хаты, Облыс әкімінің “Құрмет грамотасымен”, 1 дәрежелі “Еңбек даңқы”белгісімен, Атырау облысы әкімі алғыс хатымен марапатталып, “Кәсіпкер-2007” облыстық байқауы сайысы жеңімпазы атағын иеленген. Атырау облыстық мәслихатының ІІ-ші шақырылымының, Махамбет аудандық мәслихатының ІІІ, IV, V шақырылымдарының депутаты болған. Махамбет ауданының Құрметті азаматы.
Аманжол ағамыз бірнеше ұрпақ тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиендер сүйді. Марқұмның есімі барша аудан тұрғындарының жадында сақталатын болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ