Атырау және тағы 3 облыстың полицейлері жол қауіпсіздігін сақтауды ескертеді

Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін сақтауды ескертеді, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Еліміздің Батыс аймағы Еуропаға шығатын алтын көпір, 3 елмен шекаралас жолдардың торабы. Сайын даланың төрінде Атырау облысы, Ақтөбе облысы,Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысының тәртіп сақшылары 5000-нан астам шақырым жолдағы қозғалыстың қауіпсіздігін демалыссыз реттейді. Өзіңіздің және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қараңыз. Басып озу қағидасын бұзу көп жағдайда жол апаттарына себеп болатын факторлардың бірі. Ауа райының қай мезгілі болса да көлігіңіздің сақадай сай екеніне көз жеткізіңіз. Жолаушы тасымалын жүргізу де үлкен жауапкершілік. Тас жолдың тәртібі - жол ережесін сақтау екенін естен шығармаңыз!», - делінген хабарламада. 

Жыл басынан бері еліміздің батыс аймағында 219 адам жол апатынан қаза тапқан. Тас жолда түнгі уақытта мал қағу жағдайы артқан. Жыл басынан бері 250-ден астам дерек тіркелді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА