Атырау вокзалы адам танымастай өзгере ме?

Атырау теміржол вокзалы мен автовокзал аумағын көгалдандыру, абаттандыру және көлік тұрағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин вокзал маңындағы көлік тұрағы мен абаттандыру аймағын қайта жобалауды тапсырды. Бұл бастама қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы, қауіпсіз әрі заманауи ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.

Шаһар басшысы теміржол вокзалының қала бет-бейнесін қалыптастырудағы маңызын және мұнайлы өлке-Атырауға келген әр қонақ пен жолаушы ең алдымен осы вокзалдың абаттандырылуына және сыртқы келбетіне қарап, қала жайлы алғашқы әсер қалыптастыратынын атап өтті. Сондықтан теміржол вокзалының айналасын көркейтіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізу – басты мақсаттардың бірі.

Жоба аясында теміржол вокзалы және автовокзал аумағындағы кәсіптік нысандарды мемлекет мұқтаждығына алып, олардың орнына тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым орнату жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімінің ұсынысы бойынша, жаңа көлік тұрағы 12 метрлік автобустарға лайықталып, такси қызметкерлері үшін де тиімді жағдай жасалмақ. Бұдан бөлек, облыстың 7 ауданына арналған арнайы тұрақтар белгіленеді.

Қала басшысы тиісті бөлімдер мен мекемелерге вокзал аумағын заман талабына сай абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, теміржол вокзалы мен автовокзал басшылығына өз аумақтарын таза ұстауды, қажетті абаттандыру жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыруды қатаң талап етті.

Абаттандыру жұмыстары барысында жергілікті климатқа бейімделген жаңа талдар отырғызылатын болады. Қала әкімі бұл жобаны жеделдетіп жүзеге асыруды тапсырды, осылайша қала маңының келбеті жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.

Кейін қала басшысы қазіргі Атырау Теміржол вокзалы ғимараты мен пойызға шығатын жолаушылар алаңының (перрон) жағдайы ел экономикасының күретамыры саналатын “Қазақстан Темір Жолы” компаниясының беделіне нұсқан келтіретінін атап өтті. Іргелі компанияның вокзал жағдайына ұзақ уақыт бойы жеткілікті назар аудармай келе жатқанын да сынға алды.

Вокзалдың жағдайын жақсарту – қала мен тұрғындар үшін аса маңызды қадам, сондықтан әкімдік бұл мәселені бақылауда ұстайтын болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ