Атырау университетінде 13 шетелдік ғалым дәріс оқиды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Түркия мемлекеті Карабук университетінің PhD докторы, профессор Хакан Кутуджу дәріс оқып жүр. Түркиялық ғалым ҚР Ғылым және жоғары білім минстрлігінің қаржыландыруы бойынша дәріс оқуға арнайы келген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол аталған білім ордасындағы физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушы-профессорлары мен шәкірттеріне өз тәжірибесімен бөлісіп, бірлескен жобаларды іске асырмақ.

«Атырауға өз тәжірибеммен бөлісуге келдім. Компьютерлік инженерия доцентімін. Түркияда математика мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Онан кейін, магистратурада IT және математика бағытымен екі мамандықты игердім. Ал PhD дәрежесін ІT бойынша қорғап, алдым. Бұл оқу жылының басы болғандығына қарамастан университетте көптеген білікті оқытушылар мен шәкірттердің барын байқадым» дейді ақпараттық технология саласының білікті маманы профессор Хакан Кутуджу.

Ол университетте биылғы оқу жылының аяғына дейін дәріс береді.  Биыл Атырау университетіне минстрліктің қаржыландыруы бойынша 3 шетелдік ғалым келіп, дәріс оқиды. Бұдан бөлек, «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасымен 10 шетелдік ғалым өз тәжірибесімен бөлісіп, атыраулық білім алушылармен бірескен жобаларды іске асырады деп жоспарланған.

Ал, Каппадокия университетінің 2-курс магистранты Нұрай ЯВУЗ бен Эге университетінің 2-курс магистранты Сулейман Мете ДИКМЕН қазақ тілі мен мәдениетін, тарихын терең білуге талпынып жүрген мамандар. Олар аз уақытта қазақ тілін жақсы меңгеріп алғандарын айтады.

Айта кетейік, Атырау университеті сыртқы академиялық ұтқырылық бағдарламасы бойынша шетелдік 85 жоғары оқу орнымен келсім-шарт жасасқан. Былтыр оқу орнына 7 шетелдік студент білім алуға келген. Биыл Польша мемлекетіне 9, Түркия еліне 8 атыраулық студент оқуға барады.