Қытай Халық Республикасының Хэнань провинциясы Чжэнчжоу қаласында орналасқан Хуанхэ ғылым және технология университетінің делегациясы ресми сапармен Атырауға келіп, UTEBAYEV UNIVERSITY-ге ат басын бұрды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, делегацияны Хуанхэ университетінің президенті Ху Шичиань бастап келген. Сонымен қатар кездесуге Қытай халықаралық білім беру қорының төрағасы Чиа Хонгбо да қатысты.
Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасында әріптестік орнату, академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар аясында студенттер мен оқытушылар құрамының байланысын дамыту мәселелері талқыланды.
– Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ынтымақтастықты стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Әсіресе ғылым мен технология саласында үлкен жетістіктерге жеткен Қытаймен әріптестік орнату біз үшін маңызды. Біз өзара тиімді, ұзақ мерзімді және нәтижелі байланыс орнатуға дайынбыз, – деп атап өтті UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова.
Жанат Шаяхметова