Маймыл шешек індеті бойынша Атырау әуежайында оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жаттығудың сценарийі бойынша «Стамбул - Атырау» рейсімен келген жолаушыдан инфекциялық аурудың белгілері анықталып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Мақсат – санитарлық карантиндік ұйымдардың, шекара мен кеден қызметінің, облыстық медицина мекемелерінің және әуе кемесіндегі жолаушылар арасында аса қауіпті карантиндік жұқпалы ауру анықталған жағдайда науқасты ауруханаға жатқызу, қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау, шектеулі және эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру барысындағы қызметкерлердің дайындығын тексеру.
- Оқу – жаттығуға жедел медициналық бөлімі, дезинфекциялық қызмет, шекаралық бақылау бөлімі, т.б мамандар қатысты. Қазір Атырау әуежайында маймыл шешек вирусы тіркелген жоқ. Жағдай қалыпты, - деді санитарлық карантиндік бекеттің бас маманы Айнагүл Орынбасова.