Атырау тұрғыны Жайықтан алып жайын ұстады

Атырау тұрғыны Жайық өзенінен алып жайын ұстады. Жайынның салмағы 30 келі тартады.

Атыраулық әуесқой балық аулаушының бірі – Ленар Муборакшаев. Бірнеше жылдан мұнайлы шаһарды қақ жара ағып жатқан Жайық өзенінен балық аулайды. Жақында оның қармағына алып жайын түсті.

 «Балық аулаудың өзіндік қызығы көп. Біріншіден, таза ауада демаласың. Екіншіден, уақытыңды тиімді өткізесің. Өзенге қармақ салған балықшылар алып балық ұстағанды қалайды. Алайда, бұл – сирек кездесетін жайт», -дейді Ленар Муборакшаев.

 Әуесқой балықшы Жайық өзенінен аулаған жайынның салмағы – 30 кило, ұзындығы – 1,5 метрден астам. Сарғыш түсті алып жайын алыстан қарасаңыз, алтын түске боялғандай. Жайынды Жайықтан тартып шығару оңай болмады. Дегенмен, судан маржан сүзудің қыр-сырын жетік меңгерген Ленар Муборакшаев қармағына түскен олжасынан айырылған жоқ.

 «Қазір Жайық өзенінде сазан, жайын, өзге де қара балықтар бар. Бірақ бұрынғыдай емес, балық мүлдем азайғаны байқалады. Кейде қармаққа ештеңе түспеуі мүмкін. Балық та әркімнің несібесіне қарай қармаққа түседі. Осындай алып балықты қабуы ғажап емес. Жайынды Жайық өзенінің қаланың орталығындағы бөлігінен ауладым», -дейді Ленар Муборакшаев.