Атырау тасжолдарында жылдамдықты асырған 12 мыңнан аса жүргізуші анықталды

Жыл басынан бері Атырау облысындағы тасжолдарда 12 мыңнан аса жылдамдық асырған жүргізуші анықталған, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысы аумағын қиып өтетін республикалық маңызы бар тасжолдарда жыл басынан бері 38 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 33 адам қаза тауып, 57 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің басып озу ережесін бұзуы және жылдамдықты шамадан тыс асыруы болып отыр.

Тас жолдарда жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасы қызметкерлері әртүрлі рейд жұмыстарын жүргізуде. Патрульдік полиция ротасының командирі полиция капитаны Әділбек Шахметовтың айтуынша, соңғы он күн ішінде екі жол апатынан сегіз адам қаза болды.

- Жол-көлік оқиғалары жүргізушінің қауіпті аймақта басып озуға тыйым салынған жол белгісіне қарамай, жылдамдықты асырып, қарсы бағытқа шығу себебінен болып отыр. Жыл басынан бері партульдік полиция ротасы қызметкерлері тас жолдарда жылдамдық режимін сақтамаған 12 мың 809, басып озу ережесін бұзған 611 жүргізушіні анықтап, тиісті шараларын қолданған. Осы ретте, көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы қағидаларын сақтауды және өзінің және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауды қатаң түрде ескертеміз, - деді Әділбек Шахметов.

Расында да, рульге отырған кез келген адам жауапкершілікті түйсінген жөн. Өйткені ол өзгелердің де қауіпсіздігіне жауапкершілік алып отыр. Ал жол апатының салдарынан бақилық болған әр адамды санмен көрсеткенмен, оның артында қаншама адамның өмірі, қаншама отбасының көз жасы мен қайғысы тұр. Тіпті, жеңіл-желпі жарақаттың өзі зардап шегушіге психологиялық салмақ салатынын жоққа шығара алмаймыз.

Еске салайық,  Атырау облысында шілденің 15, 16-сы күндері жол апатынан 9 адам оқиға орнында көз жұмды болды.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА