Ақпан айында жауған жаңбыр мен қар салдарынан қала жолдарындағы ой-шұңқыры мен жамау-жасқауы көп жерлерді су басып, көлік тізгіндеген атыраулықтарға қолайсыздық туғызды. Оның салдары темір тұлпарлардың бұзылуына әкеп соғуда. Осы ретте қала тұрғыны Ернар Сақыпов жүргізушілерге қай жерде қауіп барын ескертетін белгі қоюды ұйғарды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жол азабын жүрген білер. Алайда қаланың басым бөлігіндегі көшелерді су басып жатқанда, күн сайын өтіп, қыр-сырын біліп алған көшелердің өзінен шұңқырға түсіп, көлікке зақым келтіру қаупі артып отыр. Сондықтан, Ернар Сақыпов жерлестерін ескерту мақсатында жолдардағы шұңқырларды анықтап, сол тұсқа орыс тілінде «Яма» деп жазылған тақтайша қадап қойды. Мұны көрген жүргізушілер белгі тұрған тұсқа жақындағанда, жылдамды бәсеңдетіп, сақтықпен өтіп жатты.
Расында да биыл ақпан айы қала халқын әбігерге салды. Шаһардағы жолдарда үлкен көлшіктер пайда болды. Халық қонышына дейін су кешіп, тіпті арық-атыздар мен шұңқырлардың көрінбеуі салдарынан суға құлап қалғандар да жоқ емес. Көлік жүргізушілерінің де жағдайы мәз емес. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге жеткенше бірнеше шұңқырға тарс етіп түсу үйреншікті жағдайға айналды. Көп ұзамай көлігін жөндетуге кезекке тұрғандардың қатары артпаса кемімес.
Ернар Сақыповтың бұл әрекетіне полиция департаментіндегілер оң баға беріп отыр. Олардың айтуынша, осындай ескертпе белгілерді қоюға тиым салынбаған. Бірақ олар мемлекеттік белгі болып саналмағандықтан, көлік жүргізушілері оған бағынбауы мүмкін. Алайда, ескерту белгісі ретінде қоюға болады.
Ал көлік жүргізушілері болса қар түсіп, жаңбыр жауғанға дейін де ойлы-қырлы, шұңқырлы жерлерге түсіп, дөңгелектеріне және көліктің басқа да тұстарына зақым келтіргендерін, ал қазір көзің байланғандай кейіпте жүргендерін алға тартады.
«Қазір тіптен жаман. Су басқан жолдармен жүріп бара жатқанда, ол жерде не күтіп тұрғанын білмейсіз. Бұрын біз шұңқырды айналып өтуге тырыссақ, қазір ол мүлдем көрінбейді. Мен діттеген жеріме жеткенше бірнеше рет шұңқырларға түсіп кеттім. Көлігімді техникалық қызмет көрсету орнына апарып, жөндеттім. Жаңбырдан кейін шұңқырлар тереңдеп, жаңалары да пайда болған. Ал қауіп туралы ескерту белгі қойып жүрген жігіттің тірлігі – құптарлық», - дейді Асқар Бектұров.
Атыраулық жүргізушілердің айтуынша, бұл жыл сайын туындайтын мәселе. Жөнделген жолдар бір жылдан соң-ақ жарамсыз күйге түседі. Жүргізуші Сергей Карпов қыста жол төсеніштерін тікенді дөңгелектер құртады деп санайды. Ал ескертпе белгілерді көргенде риза болғанын жасырмады.
Айта кетейік, қала әкімдігінің ақпараты бойынша, қалада қалыптасқан жағдайларға байланысты жаңбыр мен еріген судан тазарту жұмыстарына 107 арнайы техника жұмылдырылған. Оның 39-ы вакуум. Бүгінде 50 000 текше метрден астам су сорылды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр екен.
Эльмира Мықтыбаева