Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, спорт ардагері Жекенов Садиржан Самиғоллаұлы 63 жасына қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Садиржан Самиғоллаұлының Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің спорттық ғылыми журналындарында 34 ғылыми мақаласы жарияланған. 1998-2011 жылдары аралығында жалпы білім беретін мектептердің дене шынықтыру бағдарламасына таеквондоны енгізу бойынша «Мектеп спортынан олимпиадалық медальдарға» пилоттық жобасының жетекшісі болды. Жекенов Садиржан Самиғоллаұлы білім және ғылым саласындағы мінсіз қызметі, дене шынықтыру және спорттың спорттық резервін дайындауға қосқан үлесі үшін, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі табыстары үшін, сондай-ақ өзге де сіңірген еңбегі үшін ведомстволық наградалармен марапатталған. Дене шынықтыру және спорт саласының жан-жақты дамып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында да Садыржан Самиғоллаұлының дара қолтаңбасы жатыр.
"AtyrauPress" редакциясының ұжымы да марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.