«Атырау» сауда ойын-сауық кешенінде не боп жатыр?

«Атырау» сауда ойын-сауық кешенінде «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы аясында «Сауда ойын-сауық кешеніндегі өртті сөндіру» тақырыбында өрт-тактикалық жаттығуы өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, жаттығудың мақсаты - өрт сөндіру бөлімдерінің сауда орындарында орын алған өртті сөндіру кезіндегі жауынгерлік дайындығын пысықтау, келушілерді қауіпсіз жерге көшіру, сауда орындарының, ойын-сауық кешендерінің тактикалық жағдайымен, конструкциялық ерекшеліктерімен танысу.

Өрт-тактикалық жаттығу барысында ғимарат ішінде орналасқан шағын маркет қоймасында қара қою түтін шығып жатқандығы және өрттің басқа алаңға таралу қаупі басым екендігі туралы хабарлама түседі. Қалалық өрт сөндіру бөлімдері дереу оқиға орнына жетіп, түтін бар екенін анықтайды. Дереу келушілер мен сатушыларды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп, өрт сөндірушілердің жедел әрекетімен өрт сөндіріліп, сауда орындарындағы адамдар толық құтқарылады.

- Төтенше жағдайлар министрлігімен сауда орталықтарында өрт қаупін азайту мақсатында «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы жүргізілуде. Акция барысында өрт тактикалық жаттығулар өткізіліп, прафилактикалық іс-шаралармен жалғасуда. Басты мақсат - адам көп шоғырланатын жерлерде, сауда үйлерінде өрт оқиғасы орын алған жағдайда, қандай әрекет жасау керектігін үйрену. Жалпы тілсіз жау көп жағдайда ток желісінің қысқаша тұйықталуынан, тұрмыстық техникаларды дұрыс пайдаланбаудан туындайды. Прафилактикалық іс-шара кезінде қызметкерлеріміз тұрғындарға жарнамалық плакаттар ұсынып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бұл акция қаламыздың басқа да сауда орталықтарында жалғасын табады,- деді Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт басқармасының басшысы Нариман Өтешов. 

Аталған жаттығуға Төтенше жағдайлар департаментінен жалпы саны 8 бірлік техника мен 40 жеке құрам жұмылдырылды. Жаттығу соңында төтеншеліктердің іс-әрекеттері бойынша талдау жасалды. 

Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, келеңсіз оқиға кезіндегі нақты іс-қимыл әрекеттерін айтып, өрт сөндіру құралын дұрыс пайдалануды көрсетті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ