Атырау-Құлсары тасжолы төртжолақты бола ма?

Жақында ғана Атырауға іссапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысын жеделдету қажеттігін айтқан еді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы орайда, мәжіліс депутаттары Серік Ерубаев, Сәлімжан Нақпаев, Дүйсенбай Тұрғанов және Нұрлыбек Ожаев Атыраудан Құлсарыға дейінгі тасжолды төрт жолақты етіп кеңейтіп салу жөнінде тиісті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сауал жолдап отыр. Биылдың басында елдің батыс аймағындағы жол құрылысы бойынша қоғамдық талқылау өткен болатын. Онда «Атырау-Қарабатан» учаскесіне кіретін «Атырау-Доссор» жолы (86 км) ғана кеңейтіліп, 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленетіні айтылған.

– Ресей шекарасынан Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына шығатын жол Доссорға дейін Атырау облысын қақ жарып өтеді. Одан әрі бүкіл елдің экономикалық әлеуетіне зор ықпал етіп отырған «Теңіз» кен орнына, Маңғыстау облысы арқылы Өзбекстан мен Түркімен шекарасына кететін көлік жолы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының үстімен жүреді. Жолдың ені – небәрі 9 метр ғана. Бұл ұзақ сапарда жүретін жүк көліктерін айтпағанда, жеңіл автокөліктердің еркін қозғалысына да өте қолайсыз, - дейді мәселеге бастамашы болған Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев.

Бүгінде олдың тарлығы оның бойындағы бірнеше ірі өнеркәсіп ошағы мен маңызды стратегиялық нысандардың жұмысына қиындық келтіруде. Әсіресе, таңертең және кешкі уақытта көлік кептелісіне әкеледі.

«Техникалық тұрғыда І санатқа жататын төрт жолақты жолды «Атырау-Доссор» учаскесінде емес, Атыраудан Құлсары қаласына дейін ұзартып, 2023 жылы жасақталатын жобалау-сметалық құжаттамасына қосу қажет. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық, облысаралық экономикалық маңызы бар «Атырау-Хамит Ерғалиев», «Атырау-Махамбет» тасжолдарын да төрт жолақты етіп қайта жаңарту үшін 2023 жылы әзірленетін жобалау-сметалық құжаттамасына енгізуді өтінеміз» дейді халық қалаулылары.

Ал, министрлік берген ақпаратқа сүйенсек, аталған учаскелердің құрылысын келесі жылы қаралатын жобалау-сметалық құжаттамаға енгізу мүмкін емес.

«Бекітілген «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде ұзындығы 521 км болатын, Орал қаласын айналып өтетін «Атырау-Орал» автомобиль жолын, оның ішінде 67 км болатын «Атырау-Махамбет» учаскесін реконструкциялау көзделген. Жоба шеңберінде 4 жолақты қозғалысы бар I техникалық санатқа ауыстыру жоспарланып отыр, сондай-ақ қарсы бағытталған көлік ағындарын бөлек жер жабынына жатқызу туралы шешім қабылданды. Қазір 13 учаске бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде, аяқталу мерзімі 2023 жылы кейіннен құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуымен жоспарлануда...» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 183 шақырымға созылған «Құлсары-Мұқыр» учаскесін (Құлсары қаласын айналып өтетін жолмен қоса алғанда) екі жолақты қозғалысы бар II техникалық санатқа сай реконструкциялау да Ұлттық жобада көзделген.