Атырау қаласының «Жыл адамы—2021» анықталды

Атырауда қалалық «Жыл адамы — 2021» дәстүрлі байқауы өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.

Әр саланың үздіктерін анықтау мақсатында өткен салтанатты шараны  қала әкімі Қайрат Оразбаев сөз сөйлеп ашты.

«Қаланың дамуына әр тұрғынның да үлесі бар. Дегенмен,  қай салада болмасын,  өз ісінің шын шеберлері болатыны белгілі. Сол майталман мамандарды марапаттау мақсатында  «Жыл адамы — 2021» байқауына жиылып отырмыз»  деген қала әкімі жылдағы жетістіктер сараланған жиында шаһардағы оң өзгерістер мен алда атқарылар игі істерді де тілге тиек етті. 

Одан соң сала үздіктері марапатталды. Олардың арасында мемлекеттік қызмет, мәдениет, спорт, білім беру, құқыққорғау, медицина, кәсіпкерлік, құрылыс, ақпарат, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен халық қалаулылары бар.

Атырау қаласының «Жыл адамы — 2021»   деген абыройлы атаққа облыстық жедел медициналық жәрдем стансысы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева ие болды.

- Соңғы екі жыл халық үшін оңай болған жоқ. "Басты байлық - денсаулық" деген қанатты сөздің қадірін ұқтық. Соған сай еңбек еттік. Екпе жұмыстары жолға қойылды. Соның нәтижесінде әлемді әбігерге салған індетті жеңе бастадық деуге болады.

Бүгін маған бұйырған абыройлы атақ ақ халаттыларға жасалған үлкен құрмет деп білемін. Келер жылымыз құтты болсын, ауырмайық, - дейді Атырау қаласының   "Жыл адамы" - Наргиз Баймолдаева.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ