Атырау қаласының әкімдігі күтпеген мәлімдеме жасады!

Бұл туралы әкімдік өзінің "фейсбук" парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Бүгінде жылу беру мәселесіне қатысты әлеуметтік желіде сын-пікірлер көптеп жазылып, БАҚ беттерінде жариялануда. Мәселен, жақын күндері Нұрсая, Тұлпар ықшам аудандарында жылудың жоқтығына қатысты арыздар түсті. Сәйкесінше, арнайы топ құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Жылу бұл аумақта қалыпты деңгейде берілуде. Анықтай келе, жоғарыдағы видеодан байқасаңыздар, жылу жоқтығының себебі батареялардың уақытында тазаланбау кесірінен орын алып отыр. Уақытылы тазалау жұмыстарын жүргізбеу салдарынан батареялар уақыт өте келе лайланады. Нәтижесінде бітелген жерлерде өткізу қабілеті төмендеп, радиаторлардың қыздыру қабілеті азаяды.

Үйлеріңізде батареяда қалыпты жылу сақталуы үшін барлық тұтынушылар кемінде екі жылда бір рет шаю жұмыстарын жүргізіп отыруы керек. Егер бір батареяның жарты бөлігі екінші бөлігіне қарағанда айтарлықтай салқын болса, бұл радиаторлардың бітеліп қалғанын және олардағы судың дұрыс айналмайтынын көрсетеді. Бұл жағдайда тұтынушылар батареяларға шаю жұмыстарын жүргізуі қажет" делінген жазбада.

Осылай деген әкімдік өз кезегінде үйдің ішіндегі батареяларды тазалау жұмысымен қалалық әкімдік немесе пәтер иелері кооперативтері айналыспайтынын да қаперге берді.