Бүгіннен бастап мектеп асханаларындағы буфет өнімдерінің бағасы төмендеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
2022-2023 жаңа оқу жылында мектептердегі асхананы жалға алушылармен "Catering Atyrau" қауымдастығы құрылған. Онда пісірілген тағам бағасы бақыланады. Жаңа оқу жылы басталғалы бері қаладағы барлық мектептердің асханаларындағы баға бірдей болып келді. Ұн өнімдерінің бағасы 200 теңгеден аспайды. Оның ішінде коржиктің бағасы 150 теңге болып бекітілген.
Бүгіннен бастап "Catering Atyrau" қауымдастығы жеке кәсіпкерлермен бірлесіп буфет өнімдерінің бағасын төмендетіп отыр.
"Catering Atyrau" қауымдастығының төрайымы Айгүл Елеусінованың айтуынша, рогаликтер 150 теңгеден 120 теңгеге, «Зебра» торты 200 теңгеден 150 теңгеге, сүзбе қосылған тәтті нан 200 теңгеден 180 теңгеге, мейіз қосылған тәтті нан 150 теңгеден 130 теңгеге, мак қосылған тәтті нан 150 теңгеден 130 теңгеге, қою сүт қосылған тәтті нан 200 теңгеден 180 теңгеге, ал компот 70 теңгеден 50 теңгеге төмендетіліп отыр. Өндірілген өнімдердің прейскуранты Атырау облысының білім басқармасымен келісілді.
Сонымен қатар, 12 қазаннан бастап, мектеп асханаларында 0,5 литрлік шайлар мен газдалмаған сусындардың сатылуы тоқтатылды. Енді мектептерде тек қана су мен компот сатуға ғана рұқсат бар.
Айта кетейік, енді «Дәулетнан» сауда белгісіндегі бірінші сұрыпты бір бөлке нанның бағасы 90 теңгеден 120 теңгеге қымбаттайды.
- Бұл туралы серіктестік директоры тарапынан бізге бүгін ресми хат келіп түсті. Соған қарамастан мектеп асханаларындағы бағаны көтермей, керісінше арзандатып отырмыз , - деді Айгүл Елеусінова.