Атырау қаласындағы 11 мектеп жаңа оқу жылында 3 ауысымда оқытады

Облыс орталығындағы 11 мектеп жаңа оқу жылын 3 ауысымда бастайды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы міндетін атқарушы А.Дюсекенованың айтуынша, үш ауысымда оқытудың басты себебі - қала халқының демографиялық өсімі, көші-қон қозғалысы және орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі болып отыр.

Сондай-ақ, 4 мектеп  апаттық жағдайда білім беру қызметін жалғастыратын болады. Оның біреуі қалада орналасқан болса, қалған үшеуі ауылдық жерлерде шоғырланған. Атырау қаласындағы апатты жағдайдағы 1 мектеп бойынша тендерлік іс-шаралар аяқталып, келісімдер рәсімделіп жатыр. Ал ауылдағы үш мектептің құрылысы басталып кеткен.

Жалпы, Атырау облысында 2021-2025 жылдар аралығында 48 мектеп салу жоспарланған.

Қазіргі уақытта 10 мектеп пен 1 жапсаржайдың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 2022 жылға 6 мектептің құрылысын салу үшін республикалық бюджет есебінен 4,0 млрд.теңге бөлінді. Оның бесеуі орын тапшылығы қатты байқалатын Атырау қаласында, біреуі Индер ауданында салынады. Қалған мектептер бойынша жер телімдері нақтылануда.

«Бұл мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде қосымша 20 мыңға жуық оқушы мектепке қабылданып, 2 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осылайша, алдағы 5 жылдықтың жоспарына сәйкес облыс бойынша мектептердегі орын тапшылығы мәселесі толықтай шешімін тауып, оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалады», деді А.Дюсекенова.