Атырау қаласында Триатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды

Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды ATPress. kz.

Триатлон спортынан Қазақстан Республикасы чемпионаты мен Кубогіна кіл мықтылар жиналды.

Кеше баспасөз мәслихатында Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова былай деген еді:

"Еуропа мен Азияны бөліп тұрған қарт Жайығымызда триатлон спортынан ел чемпионатын өткізу өте орынды деп білеміз. Осы спорттың дамуы мақсатында облыста ел чемпионатын өткізуді сеніп тапсырған ұйымдастырушыларға да алғысымызды білдіреміз".

Триатлон спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Максим Крят пен Атырау облысы Триатлон федерациясының президенті Айбар Есенғалиев Атырау қаласындағы «Жастар» паркі жүгіру және велосипед жолдарымен толық жабдықталғанын және судан өте ыңғайлы шығу жолы бар екенін атап өтті.

Атырау облысынан чемпионатқа 30-ға жуық әуесқой қатысуда.

Жарыс үш кезеңнен тұратын U23 және U17 санатындағы спортшылар арасында өтеді: 300 м жүзу, 8 км веложарыс, 2 км жүгіру.

Ел чемпионатының қорытындысы triathlon.org.kz – Қазақстан Республикасы Триатлон федерациясының ресми сайтында жарияланатын болады.