Атырау қаласында көктемгі мерзімді әскерге 1400 азамат шақырылуға жатады

Елімізде көктемгі әскерге шақыру алдында жүргізілетін зерделеу жұмыстары басталды.

Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны көктемде және күзде жүргізіледі. 2022 жылғы көктемгі әскерге шақыру алдында еліміздің жергілікті әскери басқару органдары жастарды алдын ала зерделеу жұмыстарын бастап кетті.

Атырау қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының Жасақтау бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы аға сержант С.Ербулековтің айтуынша, биыл 17 жасқа толған 2867 азамат әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуі тиіс.

- Осыған байланысты күніне 50 жас азаматты қабылдап жатырмыз. Әскерге шақыру мерзімі 1 наурыздан басталады. Жеке істерді зерделеу кезінде әскерге шақырылатындардың сауалнама деректері анықталып, әрбір жас азамат пен оның ата-анасы ақпараттандырылады. Зерделеу кезінде әскерге келетіндердің алған мамандықтары міндетті түрде ескеріліп, олардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулығы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы туралы мәліметтерді нақтылаймыз. Сонымен қатар зерделеу кезінде олардың сотты болуы немесе болмағаны назарға алынады. Бұл жұмыстардың мақсаты – әскерге азаматтарды іріктеуді сапалы жүргізу, - дейді С.Ербулеков.

Азамат зерделеуден өткеннен кейін, әскерге жөнелтіледі. Осы ретте, әскер жасындағыларға хабар жеткізу шақырту қағаздарын тарату, смс-хабарлама тарату жүргізіледі.

Зерделеу жұмыстары кезінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған ба, тергеліп жатқан жоқ па немесе қылмыстық істер бойынша куәгер емес пе, тіркелмеген партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшесі емес пе деген секілді сұрақтар қамтылады.  

Әскерге шақырылатын жастарды алдын ала зерделеу - олардың әскердің қай саласына баратынын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

 

 

Сурет ашық дереккөздерден алынды.