Атырау қаласында жеңіл көлік пен жедел жәрдем көлігі соқтығысты

Жол апаты 30 қараша күні сағат 11:00 шамасында Владимирский көшесі бойында болды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Daewoo Nexia маркалы көлік құралы екінші дәрежелі жолдан шығып, басты жолмен келе жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бермей, соқтығысқан. Соның салдарынан жедел жәрдем көлігінің жолаушысы дене жарақатын алып, облыстық ауруханаға жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, жедел жәрдем көлігі Медикер Жайық Qamqor QP2 ЖШС-не тиесілі.

«Бұл көлікпен науқастар тасымалданбайды, курьерлік көлік. Курьер мен жүргізушінің өміріне аса қауіп жоқ. Тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Қызметкерлердің денсаулығы емхана басшысының тікелей бақылауында. Жүргізуші медициналық көмекке жүгінбеді. Ал курьер түрлі дене жарақаттары болуына байланысты облыстық ауруханаға жеткізілді» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жол апатына қатысты тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.