Облыс орталығында «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасы бойынша жалпы 25 мың 777 ағаш егіледі, деп хабарлайды ATPress.kz.
«Каспийдормостострой» ЖШС «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасын 2019 жылы ұтып алып, мұнайлы өлкенің орталығын жасылдандырумен бүгінге дейін айналысып келеді. Бұл жоба қолға алынбас бұрын серіктестік Алмалыдан 70 гектардан астам жер алып, сонда ағаш көшеттерінің дәнін егіп өсіретін тұқымбақ салды. Көшеттер дәнді жарып шығып, Атыраудың қатал климатына бейімделіп көктейді. Өйткені, мұнайлы өңірде су тұзды, жер сортаң, күн өте ыстық және жел жиі тұрады. Осылайша тұқымбақта күл ағашы (ясень), үйеңкі, қарағаш және айлант көшеттерін өсіреді.
«Каспийдормостострой» ЖШС қалаға ағаш отырғызумен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Сол уақыттан бері ағаш егу бойынша түрлі тәжірибе жасалыпты. Өкінішке қарай, отырғызылған көшеттердің барлығы да жерсінбей, қурап кеткен екен. «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасының жетекшісі Леонид Задерныйдың айтуынша, «Каспийдормостострой» ЖШС-нің тұқымбағында өсірілген көшеттер бүгінде қаланың кей көшелеріне көрік беріп тұр.
- 2012 жылы алғаш отырғызған ағаштар қазір Әбілхайыр хан даңғылында, Құрманғазы, Азаттық көшелерінде және әуежай мен Балықшы шағынауданында тамыр алып, қалалықтарға аптап ыстықта сая болып тұр. Сол жылдары қаланы көгалдандыру бойынша түрлі жобалар қолға алынды. Атырауға Алматыдан, Шымкенттен, тіпті Кореядан әріптестер келіп, ағаш көшеттерін екті. Алайда олардың барлығы да біздің климатқа бейімделе алмады. Біздің дәннен өсіріп шығарған көшеттеріміз ғана шыдамды екенін көрсетті. Қазір тағы бір тәжірибені қолға алдық. Атырауда емен ағашын өсірсек дейміз. Бірақ ол аптап ыстыққа, желге шыдамайды және сортаң жерде өсуі неғайбыл. Десек те, сынап көруге бел будық, - дейді Л.Задерный.
«Атырау қаласын көгалдандыру» жобасы 5 жылға жоспарланған. Жобаның мақсаты – қаламызды көгалдандыру және суармалы сумен жабдықтау инфрақұрылымы мен сорғы станцияларының тиімді жұмыс істеуі бойынша ұзақ мерзімді және жүйелі жұмысты қамтамасыз ету. 2019 жылдың 31 мамырында компания мен мемлекеттік серіктестер – Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арасында үшжақты келісім жасалды. Серіктестік жыл сайын негізгі жоба бойынша 3154 түп ағаш егеді. Өз кезегінде «Каспийдормостострой» ЖШС инвестиция ретінде бес жыл ішінде қосымша 2000 көшет отырғызады. Жоба аяқталғаннан кейін жалпы 25 мыңнан астам ағаш қалаға көрік беріп, халыққа сая болмақ.
Айта кетейік, биыл бұл жобаның жүзеге асуы үшін бюджеттен 40 миллион 755 мың теңге бөлінген.