Төрт айға созылған әскерге шақыру науқаны аяқталып, 286 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды, деп хабарлайды Atpress.kz.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталып, соның нәтижесінде атыраулық өрендер еліміздің түкпір-түкпіріндегі 28 әскери бөлімде борышын өтеуге кетті. Сарбаздар негізінен, Ұлттық ұлан мен Қарулы күштердің қатарына қабылданды.
Әскерге шақырылушыларды іріктеген кезде ең алдымен олардың бойына, денсаулығына және біліміне басымдық берілді. Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының мерзімді әскерге шақыру бөлімшесінің сержанты Серік Ербулековтың айтуынша, жастарды әскерге іріктеу кезінде көз, асқазан жарасы, гастрит, невралогиялық аурулар мен салмақтың аздығы секілді диагноздар жиі қойылды.
-Қазіргі жастардың телефоннан көз алмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан да көбінде көру қабілеті нашарлаған. Сондай-ақ, жедел дайындалатын донер, бургер секілді асты тұтыну салдарынан асқазан ауруына ұшыраған. Спортпен айналыспағандықтан грыжа, бел остеохондрозы мазалайды, - дейді С.Ербулеков.
Қазір елімізде жастарды көшеде ұстап, көлікке күштеп салып, әскерге әкетіп жатыр деген әңгіме айтылуда. Осы ретте түсіндіре кетейік, қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма қызметкерлері тарапынан әскерге шақыру туралы қағаз беріледі. Сонымен қатар, 1414 нөмірінен де шақыру келеді. Егер әскерге шақырылушылар мұны елеп-ескермесе, онда олардың тізімі учаскелік полиция иснпекторларына беріледі. Өз кезегінде полицейлер әскерге барудан жалтарып жүргендерді қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармаға жеткізеді. Демек, жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Тағы да естеріңізге сала кетейік, әскери қызметтен жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Онда 1000 АЕК-ке (3 миллион 63 мың теңге) дейінгі айыппұлдан бастап 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген.
Айта кетейік, былтыр Атырау қаласы бойынша 580 сарбаз әскерге жіберілді.