16 желтоқсан күні жаңбыр салдарынан тас жолдардың көктайғақ болуына байланысты Атырау-Құрманғазы бағытындағы тас жолда көлік құралының барлық түрінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Қазір Атырау облысы полиция департаментінің жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері тәуліктің түнгі мезгілінде тайғақ жол бойында көлік құралдарының қалып қоймауы үшін Атырау қаласына және Құрманғазы ауданы бағытына көлік құралдарын қызметтік көліктердің бағыттауымен жеткізу жұмыстарын жүргізуде. Құрманғазы ауданы бағытына 100-ге жуық, Атырау қаласы бағытына 150-ден астам көлік жөнелтілді.
"Құрметті көлік жүргізушілері! Ауа райының қолайсыздығына байланысты өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеу үшін алыс сапарлардан уақытша бас тартып қауіпсіздік сақтауыңызды сұраймыз!
Жолдағы қозғалыстың қалыпқа келтірілуі туралы ақпарат міндетті түрде құзырлы органдар тарапынан жарияланады", - делінген баспасөз хабарламасында.