Атырау- Орал тасжолында жол апатынан 31 жастағы жүргізуші мерт болды

Жол апатынан қаза тапқан көлік жүргізушісінің жылдамдық асырып, «Кибер-шериф» құрылғысына түскені анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.


26 қаңтар күні сағат 19:00 шамасында республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолының 154 шақырым тұсында маркасы Lada Granta автокөлігінің 1992 жылы туған жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай, жолдың оң жақ жиегіне аударылып кеткен. Өкінішке қарай ол оқиға орнында қаза тапты. 

"Аталған автокөлік жүргізушісінің 24 қаңтар күні жылдамдықты шамадан тыс асырған дерегі «Кибер-Шериф» құрылғысы арқылы анықталған. 1992 ж.т. көлік жүргізушісі жылдамдықты 133 км/сағ дейін арттырып, ҚР ӘҚБтК 592-бабының 2-бөлігімен құқық бұзушылық жасаған", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, «Кибер-Шериф» аппараттық жиынтық құрылғысы қаңтар айының 22-нен бастап 1 ақпанға дейін сынақтық режимде қызмет атқарып жатыр.

Атыраулық полицейлер жол ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шамадан тыс асырмауды, көлік жүргізушілерінен өзінің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамауды сұрайды.

Эльмира Мықтыбаева