Бүгінде аймақтағы су торабының техникалық жағдайы қанағаттанарлық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, су тасқынының алдын алу бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.
– Департаментпен «Атырау облысы аумағында 2023 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, оны қауіпсіз өткізу және ықтимал залалды азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары» әзірленді. Облыс аумағында су қоймасы жоқ. Жергілікті меншіктегі бір гидротехникалық құрылыс – Қызылқоға ауданы Ойыл өзеніндегі Ералы су торабы ғана бар. Ал, су тасқыны бола қалса, 1153 адам, 303 техника, 16 жүзу құралы мен 107 мотопомпа және азаматтық қорғау қызметі сақадай сай, - деп сендіреді Н.Мақсотұлы.
Мұның бәрі әзірге болжам ғана. Ал, нақты жағдай наурыз айында белгілі болады деп күілуде. Мамандар қыс маусымының әлі аяқталмағанын, сәйкесінше, қар да жауа беретінін еске салады. Синоптиктердің пайымдауынша, көктем қарсаңында бір тәулікте бір айлық жауын-шашын мөлшеру түсуі мүмкін. Мәселен, Атырау облысында топырақтың мұздану тереңдігі былтырғы көрсеткішке қарағанда орташа 3-84 сантиметрге дейін жоғары.
Еске сала кетсек, өткен жылдың 5 наурызында Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылынан өтетін «Ноғайты» өзені тоқтаусыз жауған жаңбыр және қар суы салдарынан арансынан шыққан болатын. Н.Абдуллина, Ә.Бейсен көшелеріндегі №28, 24 үйлерді су басуға шақ қалған еді. Дер кезінде жүздеген тонна құм төселіп, 32 куб су сорылды. Алдын ала 24 үйдің тұрғындары туыстарына көшірілді. Тап солай биыл да Ноғайты өзенінің арнасын тереңдетіп, бөгет төсеу қажеттігін айтады мамандар.
Сол сияқты, былтыр 23 ақпанда да Индер ауданы Жарсуат ауылдық округі мен Болашақ мөлтекауданында көшеге жиналған қар мен жаңбыр суы үйлерге қауіп төндірді. Мұнда да біраз су сорылып, қауіптің беті қайтарылған еді.