Атырау облысының полицейлері 5 мал ұрлығына қатысты күдіктілерді анықтады

Мал ұрлығының жолын кесу мен ашу бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында Атырау облысы аумағында “Мал ұрысы” жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Полиция қызметкерлерімен мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер мен ет өнімдерін сататын
базарларды тексеру үшін 10 топ құрылып, олармен мал және ет өнімдерін
тасымалдайтын 154 автокөлік, мал және ет өнімдерін сататын 75 орын мен 229 шаруа қожалықтары тексерілді.
Нәтижесінде малдар мен ет өнімдерін құжаттарсыз тасымалдаудың 16 фактісі анықталып, 12 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабының 1 бөлігі 2) тармақшасына сәйкес 12 фактісі бойынша - 459450 теңгеде әкімшілік айыппұл
салынды. Шалғайдағы учаскелерді, қыстақтарды және ұжымдық шаруа қожалықтарына тексерулер жүргізу арқылы 1 тіркелмеген атыс қаруы, яғни «ИЖ-К» маркалы 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленіп, сараптамаға жолданды. 

Жедел алдын алу іс-шарасы аясында мал ұрлығымен айналысқан 7 тұлға анықталып, оларға қатысты барлығы 5 мал ұрлығы қылмысы қылмысты дәлелденді, оның ішінде 2-еуі өткен жылғы, 3-еуі бұрын жасалған қылмыстар. Сондай-ақ ұрланған 19 мал, тәртіп сақшыларының нәтижелі жұмысының арқасында заңды иелеріне қайтарылды. Мәселен, жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Құрманғазы ауданынан екі мал ұрысын ұстады. Яғни ауыл тұрғындарының бірі аудандық полиция бөліміне малының ұрланғаны туралы арызданған. Анықталғандай күдіктілер жайылымнан екі бас жылқы малын  жасырын жымқырған. Содан кейін оны сатып, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2 бөлігімен жиналған іс-құжаттар бойынша заңды шешім қабылданатын болады. Тәжірибе көрсеткендей, малдың жоғалуы көп жағдайда малды жайылымға қараусыз жіберетін ауыл тұрғындарының ұқыпсыздығынан да болады. Демек өз бетінше жайылған төрт түлік қорадан ұзап кетіп, ұрылардың көзіне түседі. Ал қорадан мал жымқырып жүрген барымташылар мұндай сәтті мүлт жібермейді.  

 Мал ұрлығын болдырмау үшін полицейлер ауыл тұрғындарына мал жайылымына тек бақташылардың бақылауымен жаюды, сондай-ақ қоражайды қорғауға арналған шараларды қабылдауды ұсынады. Оған қоса мал иелері өз малдарына таңба мен ен салуы қажет. Егер де сіз осыған ұқсас қылмыстың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға 102 телефоны бойынша хабарлауыңыз немесе жақын маңдағы полиция пунктіне шағымдануыңыз қажет. Бұл полицейлерге қысқа мерзімде жоғалған малды тауып, мал ұрлығына қатысы бар азаматтарды ұстауға көмектеседі- деді, Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы полиция  подполковнигі Абай Джумабаев.