Атырау қаласында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХIV сессиясы өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде Атырау облысының 2021 жылға арналған бюджеттің игерілуі, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 2021 жылғы бюджетке салықтық түсімдердің орындалысы және 2022 жылға салық салынатын базаларды кеңейту, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою, оқушылардың жазғы уақыттағы демалысы мен сауықтыруды ұйымдастыру шаралары, облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №105 «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізулер мәселелері сөз етілді.
Өңір басшысы Серік Шәпкеновтің мәліметінше, өңірдегі бюджет кірісі 100,2% -ға орындалса, шығыс 99,8% -ға игерілген.
- 468,9 млрд көлемінде жоспарлаған бюджеттің кірістері 470,0 млрд теңгеге яғни 100,2 пайызға атқарылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен түсетін трансферттер мен кредиттерді қоспағанда кірістер 144,2 млрд теңге көлемінде жоспарланып, орындалысы 150,6 млрд теңге немесе 104,4% құрады. Ал 473,9 млрд теңгеге жоспарланған бюджет шығыстары 472,9 млрд теңге немесе 99,8 пайызға игерілді, деді С.Шәпкенов.
Жиын соңында өңір басшысы қозғалған мәселердің маңыздылығымен ұсыныс-пікірлерін ескеріп, салықтық түсім толық және уақытында орындалу қажеттігін айтты.