Атырау облысының білім саласында шешілуі тиіс мәселелер жетерлік – облыс әкімі

Атырау облысында білім сапасы ақсап тұр. Бұл туралы аймақ басшысы Серік Шәпкенов облыстық тамыз кеңесінде айтты, деп хабарлайды ATPress.kz.
«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен облыстық тамыз кеңесінің пленарлық сессиясында облыс әкімі Серік Жамбылұлы алдымен ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі.
Мұнан соң мұнайлы өлкеде әлі күнге дейін апатты мектептердің, 3 ауысымда оқитын білім ұяларының барын алға тартты. Сонымен қатар, республика деңгейінде Атырау облысының білім сапасының төмендігі де айтылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы 11 мектепте оқушылар 3 ауысымда білім алады және 4 мектеп апатты деп танылған.
Ал «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымдарының басқарма төрайымы Күләш Шамшиденова педагогтар жетіспейтін облыстарға мұғалім болып барамын деген мамандардың алған біліміне сай келмейтіндеріне қынжылды.
- Мұғалімдер тапшы 4 облысқа барамыз деген педагогтарды іріктеу кезінде қатаң сыннан өткіздік. Өкінішке қарай, олардың арасында орыс тілі пәнінің мұғалімі болғанымен, орысша білмейтіндері де бар болып шықты. Сонда университеттегілер не оқытты екен? Неге мұндай? Ағылшын тілінің маманы болып, шет тілінде екі сөздің басын құрай алмағандарды да көрдік, - деді Күләш Шамшиденова.
Тамыз мәслихаты барысында облыс басшысы С.Шәпкенов сыннан қорықпай, керісінше оны бірлесіп шешуге шақырды.
- Жоғары оқу орнын бітіріп шыққан мамандардың білім сапасының төмен болуының себебі неде? Мұны мектеп ұстаздарынан сұрауымыз керек пе, әлде университет оқытушыларынан сұрауымыз керек пе? Жылда білім саласына аз қаржы бөлінбейді. Атырау облысында басқа аймақтарға қарағанда білімге бөлінетін қаржы әлдеқайда көп. Мектептерде барлық жағдайды жасап, материалдық-техникалық базаны нығайтудамыз. Балалар әртүрлі конкурстарға қатысып, шетелге шығуға мүмкіндік алды. Десек те, білім сапасы әлі де ақсап тұр. Ақша бар, сапа жоқ. Білімнің сапасы – мұғалімдердің білім деңгейімен өлшенеді. Олай болса, бұл мәселені шешуге көмектесуге әзірміз. Көкейдегі мәселелеріңізді айтыңыздар», - деді облыс әкімі.
Облыстық білім басқармасының басшысы м.а Айнагүл Дүйсекенова білім саласына қысқаша шолу жасады. Оның айтуынша, жылдан жылға қала аумағы мен демографияның өсуіне байланысты балабақша мен мектепке баратын балалардың саны артып отыр. Сондықтан да үш ауысымдық мектеп мәселесі өзекті. Апатты мектептер мәселесін шешу үшін қазір аудандарда 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал қалада апатты мектептің орнына жаңа ғимараттың құрылысын салу бойынша тендер жұмыстары аяқталды.
Шара соңында үздік педагогтарға төсбелгі табысталды.