Атырау облысының 200 мектебінде алғашқы қоңырау соғылды

1 қыркүйек - Білім күнінде облыстағы 200 мектепте алғашқы қоңырау соғылды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аталған оқу орындарының бірі – Атырау қаласы Береке ықшам ауданында орналасқан №42 жалпы орта мектебінде өткен алғашқы қоңырау салтанаттына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, айтулы мерекемен іс-шараға қатысушыларды құттықтады.


Аталған мектеп биыл қаңтар айында бой көтеріп, ІІІ тоқсаннан бастап оқу жұмысын бастаған. 2021-2022 оқу тоқсанын бес айдағы көрсеткіш бойынша 44,9 пайыз сапамен аяқтаған.


- Еліміздің білім беру жүйесінде айтулы өзгерістер болғаны белгілі. Бұл - ұрпағымыздың сапалы білім алуына жұмсалған үлкен инвестиция деп білемін. Өйткені, бала жанының бағбаны болған ұстаздың еңбегі зор. Білікті мұғалім ғана білімді шәкірт тәрбиелейді. Осы ретте, ұстаздардың біліктілігін арттырып, педагогикалық қайта даярлауда облыс әкімшілігі арнайы курс жасақтауда. Бүгінгі білім мерекесімен мектеп ұжымын және оқушыларды құттықтаймын! Осы шаңырақтан әр түлегіне еліміздің болашағы үшін адал қызмет ету бұйырсын, деді Ж.Бисембиев.


Сонымен қатар салтанатты іс-шарада аталған мектептің директоры Айнамкөз Бисенғалиева құттықтау сөз сөйлеп, оқу орнының жағдайына тоқталып өтті.


-Мектебімізде 112 ұстаз 1814 оқушыға білім береді. Мектепке дейінгі дайындық сыныбының 8 тобына 210 тәрбиеленуші қабылданды. Сонымен қатар 1-сынып табалдырығын 306 оқушы аттады. Биыл ашылған 11-сыныпта 25 білім алушы бар, деді мектеп директоры.


Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында облыс бойынша 143 000-ға жуық оқушы білім алса, оның 16 000-ға жуығы биыл 1-сыныпқа барғандар.