Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов сот ұжымдарына облыстың жаңадан тағайындалған судьяларын таныстырды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нуримова Тыныштық Темирғалиқызы Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметінен босатыла отырып, Атырау қаласының №2 сотының судьясы лауазымына тағайындалды.
Ал Шақпақова Нұргүл Ысқаққызы Атырау облысының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы қызметінен босатыла отырып, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы лауазымына тағайындалды.
Нуримова Тыныштық 1965 жылы туған. Өз еңбек жолын 1984 жылы Атырау облысы Мақат аудандық сотының хатшысы лауазымынан бастаған. Әр жылдары Атырау облысы Индер АХАЖ меңгерушісі, Атырау облысы Индер аудандық атқару комитетінің заң кеңесшісі, Атырау облысы халық депутаттарының Индер кеңесінің меңгерушісі, Атырау облысы Әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің басшысы, Атырау облысы Индер аудандық сотының кеңсе меңгерушісі лауазымдарында еңбек еткен. 2014 жылы Президент Жарлығымен Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметіне тағайындалып, қазіргі тағайындалуға дейін қызмет атқарды.
Шақпақова Нұргүл 1988 жылы туған. Өз еңбек жолын 2011 жылы Орал қаласының әкімшілік сотының сот отырысы хатшысы лауазымынан бастаған. Кейін Астана қаласының Байқоңыр аудандық сотында осы қызметте жасаған. 2018 жылы Президент Жарлығымен Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы қызметіне тағайындалып, қазіргі тағайындалуға дейін қызмет атқарды.
М.Парменов судьяларды тағайындалуларымен құттықтап, олардың қызметіне сәттілік және өз міндеттерін адал атқаруды, сот төрелігін жүзеге асыру барысында әділдік қағидатын сақтауды тіледі.