Атырау облысының әкімі журналистерді құттықтады

Бүгін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында 28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Алғаш сөз кезегін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алып, БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Баршаңызды келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұқаралық ақпарат құралдары - билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір. Халықтың мұңын, жоғын жоқтап, осыны билікке жеткізіп, сол істердің бас-қасында жүреді. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін төртінші билік деп айтып кеткен. Бүгін үлкен мереке қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Ортамызда осы саланың аға буындары, ардагерлеріміз, аға-апаларымыз отыр. Қай кезде де журналистер өзінің әділдігімен, шыншылдығымен қоғамда маңызды мәселелерді көтеріп келеді. Сонымен қатар, сол мәселелерді билікке жеткізу арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға, табысын көтеруге еңбек етіп келеді. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға істеген істеріңізге өзімнің алғысымды білдіргім келеді», деп айтты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат саласының үздігі төсбелгісімен журналист, Атырау-Ақпарат ЖШС аудандық газет бөлімінің корректоры Лиза Сейтімова және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің еңбек ардагері медалімен журналистика саласының ардагері, балаларға арналған “Алтын сақа" танымдық газетінің редакторы Болат Дәулетов марапатталды.

Әрі қарай журналистерге облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Солардың қатарында журналистика саласының аға буын өкілдері мен жаңадан танылып келе жатқандар да бар. Атап айтсақ, Астана телеарнасының меншікті тілшісі Базаргүл Ізімова, AtyrauPress сайтының тілшісі Амандық Абдолов, Қазақстан Атырау облыстық телеарнасының редакторы Раушан Серікқали, Атырау облысы әкімі аппаратының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық шығармашылық бөлімінің басшысы Нұрлыбек Бақтығали, Ақжайық ақпараттық порталының тілшісі Анастасия Шерстянкина, Хабар агенттігі акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша тілшілер маусының бейнеинженері Жандос Рахметуллин, Caspian news телеарнасының редакторы Нұрсая Эльбрусова, Дендер аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сұңқар Көшеков, Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет, Қазақстан ұлттық арнасының меншікті тілшісі Жандос Темірғалиев, 31 арна телеарнасының меншікті тілшісі Жұлдыз Тлеухан және Қызылқоға аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Әйгерім Бибозқызы.

Бүгінгі кәсіби мереке тек осынау қиын да, қызығы мол сала қызметкерлерінің мерейін асқақтатса керек. Мерекелік кеш Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарласымен жалғасты. Журналистер өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында рухани демалып қайтты. Барлығы жоғары деңгейде өтті.

Қасиет Бахкерейқызы

Возможно, это изображение 13 человек и текст