Атырау облысының әкімі мерекемен құттықтады

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов атыраулықтарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

"Облыс әкімі Отан қорғаушылар күнімен құттықтады Ардақты жерлестер! Сіздерді мерейлі де мәртебелі мереке – Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Барлық уақытта да әскери қызмет қасиетті міндет, әр азаматтың ар-намысы мен абыройы болып келеді. Бұл мереке ерекше мағына мен тағылымға толы. Бүгін мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын берік қамтамасыз ете отырып, өз өмірін қызықты да қиын әскери қызметке арнаған жандарды дәріптейміз. Отан қорғаушылар күнінің Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аталып өтілуінде өзіндік символдық мән бар. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ата-әжелеріміздің қаһармандығы мен батырлығы туралы естелік әр үйдің, әр шаңырақтың төрінен мәңгіге орын алған. Қазір аға ұрпақтың даңқты жасампаздық жолын Отанды шексіз сүйетін және оны жанқиярлықпен қорғауға әрқашан дайын қазақстандық жауынгерлердің жас ұрпағы лайықты жалғастырып келеді. Қарулы күштер қатарындағы қызмет әрбір қазақстандықтың қасиетті парызына айналды, аға ұрпақтың ерлік пен елдік дәстүріне негізделген шынайы патриотизмнің нағыз айбынды мектебіне айналды. Батыл да жаужүрек жандардың мерекесі әрқашан бейбітшілікпен астасып, ел қуанышын еселей түссін!"делінген құттықтауда.