Атырау облысының Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткізілген республикалық конкурста үздік атанды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Ф.Ахметова ең жоғарғы көрсеткішпен «Жергілікті атқарушы органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» атанды.
Бұл байқауда мемлекеттік қызметшілердің имиджін арттыру және Әдеп жөніндегі уәкіл институтын одан әрі жетілдіру мәселелеріне арналған эссе мен жоба презентациясы қорғалды.
Фарида Ахметова – Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымында 2019 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол әдеп нормаларының сақталуын мониторингтеуді және бақылауды, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы мен Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады.
Сонымен қатар, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды қабылдап, моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға өз септігін тигізіп отыр.
Осы номинация бойынша алғашқы үш орынды келесі сайыскерлер иеленді:
І орын – Сейілхан Серікбаев, Солтүстік Қазақстан облысы;
ІІ орын – Махсат Исаев, Түркістан облысы;
ІІІ орын-Ринат Арыстанбек, Шығыс Қазақстан облысы.
Айта кетейік, «Үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» байқауы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және ол 2 номинациядан тұрады. Аатап айтқанда: «Орталық мемлекеттік органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» және «Жергілікті атқарушы органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» деген номинациялар бойынша қатысушылар сынға түсіп келеді.
Қазақстанда әдеп жөніндегі Уәкіл институты 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта әрбір мемлекеттік орган мен облыс әкімдерінің аппараттарында 765 Әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейді және олардың 30-ы дербес мәртебеге ие.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА