Жылыойлық тұрғын көршісінің атына алты несие рәсімдеп сан соқтырған, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылыой ауданының 69 жастағы тұрғыны жасырын шағын несие рәсімдеген және банк картасынан жасырын түрде ақша шешіп алған 30 жастағы көршісіне қатысты Жылыой аудандық полиция бөліміне шілде айында арыз жазған. Оның арызы азаматтық сотқа жолданғанымен, шағымданушы оған қанағаттанбады және қылмыстық іс көтеруді талап етті. Осы іс бойынша Жылыой аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы полиция лейтенанты Әділбек Елдеспаев көмек көрсетіп, өз көршісін сан соқтырған азаматшаға бұндай теріс қылық әрекеттің салдары мен себептерін түсіндірді. Нәтижесінде ол бір жыл бойы төленбеген несиені бір ай ішінде қайтарған.
- Менің жалғыз тұратынымды пайдаланып, сеніміме кіріп, осындай қадамға барып отыр. Оны басында өз қызымдай көріп, көмектескен едім. Алайда кейіннен несиелерді мен алмадым деп мойындамай әбден әбігерге түсірді. Осы жабылмаған несиелердің кесірінен мен өз зейнетақымды ала алмай қалдым. Осылайша, арызым бойынша Жылыой ауданы полиция бөлімінің анықтаушысы Әділбек Елдеспаев көмек көрсетіп, бір жыл бойына шешімі табылмаған мәселемді бір ай ішінде жәй ғана түсіндіру жұмыстары арқылы шешіп берді. Қазір электронды үкімет порталындағы несиелер тарихын қарасам нөл теңге. Мен Әділбек Елдеспаевқа алғыс айта отырып, қызметінде абыройлы болсын деймін, - деді зейнеткер.
Айта кетейік, Әділбек Елдеспаев үш тілді жетік меңгерген. Ол 2010-2014 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасымен Ресей Федерациясында оқып келген.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА