Атырау облысының мектептерінде Face ID және жасанды интеллект элементтері енгізілуде


Атырау облысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері мектеп өміріне белсенді енгізілуде. Бүгінде оқушылар мектепке Face ID арқылы кіріп-шығып, тамақ пен оқулықтарды цифрлық жүйе арқылы алады, ал ата-аналар барлық ақпаратты смартфоннан нақты уақыт режимінде көре алады. Бақылау, қауіпсіздік және ашықтық күнделікті қалыпты тәжірибеге айналуда.

Атырау өңірі Қазақстанда білім беру саласын цифрландыруда ең жүйелі әрі практикалық бағытты көрсетіп отыр. Мектептерде бірден бірнеше цифрлық платформа енгізілген. Олар қауіпсіздік, тамақтану және оқушылардың келу-кетуін бақылау сияқты негізгі мәселелерді шешуге бағытталған.

Ыстық тамақтың ұйымдастырылуын бақылау үшін 180 мектеп «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне қосылған, 120 мектеп Alaqan Mektep сервисін, ал 60 мектеп Nomad School 2.0 платформасын пайдаланады. Бұл жүйелер нақты тамақтанған балалар санын тіркеп, оқушылардың қауіпсіз кіруі мен шығуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ата-аналарға күнделікті мәзірді және баласының мектеп асханасында тамақтанған-тамақтанбағанын көруге мүмкіндік береді.

Негізгі жобалардың бірі — өткен жылы өңірде енгізілген Alaqan Mektep жүйесі арқылы іске асырылып жатқан «Әлеуметтік әмиян» жобасы. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде бұл сервис 121 мектепте жұмыс істейді. 1–4 сынып оқушыларына, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сынып оқушыларына барлығы 63 822 цифрлық тамақ ваучері берілген.

Alaqan Mektep платформасы бет-әлпетті тану технологиясына негізделген биометриялық сәйкестендіруді қолданады. Оның көмегімен оқушылардың мектепке кіруі мен шығуы, асханада тамақтануы, оқулық алуы және кітапханаға баруы тіркеледі. Бұл оқушылар үшін ыңғайлы, ал ата-аналар үшін қосымша қауіпсіздік пен бақылау мүмкіндігі.

Тегін мобильді қосымша арқылы ата-аналар баласының мектепке келген және кеткен уақытын, асханада қандай мәзір болғанын және ыстық тамақпен қамтылған-қамтылмағанын көре алады.

Атырау қаласындағы М. Жұмабаев атындағы №1 орта мектеп директоры Гүлжан Қожахметованың айтуынша, жүйенің басты артықшылығы — қауіпсіздік.

«Мектепке тек сәйкестендіруден өткен оқушылар мен қызметкерлер ғана кіре алады. Ата-аналар онлайн режимде баласының келген және кеткен уақытын, сондай-ақ не жегенін көріп отырады. Біздің келген күнімізде мәзірде мандарин, макарон және тауық еті болды — бұл ақпарат ата-аналар үшін eGov қосымшасында да қолжетімді болды», — деді ол.

Сонымен қатар өңірде «Назар» жобасы іске асырылуда. Атырау облысындағы 202 мектепке 2 485 бейнекамера орнатылған. Камералар арқылы әдіскерлер сабақтардың өту барысын талдап, педагогтерге кері байланыс береді. Барлық камералар полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Келесі кезеңде қауіп-қатерді, құқықбұзушылық пен буллингті ерте анықтауға арналған жасанды интеллект алгоритмдерін енгізу жоспарланған.

Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Ләззат Еділханның айтуынша, цифрлық жобалардың негізгі мақсаты — құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу, оқушылардың қауіпсіздігін арттыру, ата-аналардан түсетін шағымдарды азайту және жасанды интеллект көмегімен тәуекелдерді ерте анықтау.

Биылғы оқу жылында мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға облыс бойынша 7,1 млрд теңге бөлінген. Өңірдегі 225 білім беру ұйымында 72 412 оқушы ыстық тамақпен қамтылған.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, ыстық тамақпен 1–4 сыныптың барлық оқушылары, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сынып оқушылары — жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары қамтамасыз етіледі. Атырау қаласында 33 770 бастауыш сынып оқушысы және 3 145 жоғары сынып оқушысы ыстық тамақ алады.

«Қала мектептерінде тамақтануды 4 ЖШС және 14 жеке кәсіпкер ұйымдастырады. 13 мектепте дайын тағам тасымалданады, оның ішінде төрт апатты мектеп, өз асханасы жоқ сегіз мектеп және күрделі жөндеуде тұрған бір мектеп бар», — деп нақтылады ол.

Тамақ сапасы мен бекітілген мәзірге сәйкестігін ата-аналар мен мектеп әкімшілігі кіретін бракераждық комиссия бақылайды. Сонымен қатар депутаттар, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысатын ведомствоаралық сараптамалық топ жұмыс істейді.

Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында кәсіпкерлер Catering Atyrau қоғамдық тамақтану қауымдастығына бірігіп, мектеп асханаларына тұрақты тексеріс жүргізіп келеді.

Ыстық тамақтың орташа құны 1–4 сынып оқушылары үшін 720 теңге, 5–11 сынып оқушылары үшін 811 теңге. Биыл баға азық-түлік бағасының өсуіне байланысты 600 теңгеден 720 теңгеге дейін көтерілді.