Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов инфрақұрылым және энергетика құрылысындағы әлемдік көшбасшылардың қатарындағы қытайлық Power Construction Corporation of China (Power China) өкілдерімен кездесті.
Тараптар өңірдегі басым бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатудың мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы орталық көпірді қайта жаңғырту мәселесі талқыланды. Қытайлық мамандар нысанның қазіргі жәй-күйімен танысып, жоба ұсынысын әзірлеуге дайын екенін айтты. Аймақ басшысының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Облыс әкімі жобаны әзірлеуді жеделдетудің маңызын және тұрғындарға қолайсыздықтың мейлінше аз болуын ескеру қажеттігін баса айтты.
Кездесуде Жайық пен Қиғаш өзендерінің арнасын тереңдету, тасқын суды жинауға арналған гидротехникалық имараттар салу, реттеуші нысандар құру, сарқынды суды тазарту, кәріз жүйесін тарту және тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді пайдалану бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі де қарастырылды.
— Жайық пен Қиғаш өзендерінің арнасын тереңдету мәселесі жыл сайын күн тәртібінде тұруы тиіс. Мұнымен мамандандырылған жергілікті кәсіпорындар тұрақты түрде айналысқанын жөн көреміз, - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Power China International Eurasian компаниясы бас директорының орынбасары Тан Сяофэн корпорацияның Атырау өңірімен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылығын білдірді:
— Біздің компания энергетика, гидротехника, инфрақұрылым және экология салаларындағы жобаларды белсенді іске асырып келеді. Біз озық технологиялық шешімдер, инвестиция мен эксперттік қолдау ұсына аламыз.
Өңір басшысы бұл ұсынысты құп алып, талқыланған бастамалардың стратегиялық маңызын атап өтті.
Power China — әлемнің 100-ден астам елінде ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан қытайлық ірі мемлекеттік инжинирингтік компаниялардың бірі. Негізгі қызмет бағыттары: гидроэнергетика, энергетикалық инфрақұрылым, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, кәріздік сорғы бекеттерін салу, экологиялық және ресурс үнемдейтін технологиялар.
