Бірінші желтоқсаннан бастап Исатай, Жылыой және Құрманғазы аудандарында халыққа ауызсу беру сағаттық тәртіпке көшіріледі, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Бүгінгі күннен бастап су тазарту құрылғыларындағы су жинау қоймаларының сарқылып қалуын болдырмау мақсатында аталған үш ауданның халқына ауызсу беру уақыты шектеледі. Мәселен, таңертең сағат 07.00 - 09.00 аралығында; түскі уақытта сағат 12.00 - 14.00 аралығында; ал кешке сағат 19.00 - 21.00 аралығында беріледі.
«Магистральдық Суағызғысы» ЖШС-гі «Ұзындығы 151 км диаметрі 1220х12 «Астрахань-Маңғышлақ» суағызғысының екінші желісінің құрылысы» жобасы аяқталды. Осыған байланысты құбырдың салынған учаскесін қосу бойынша жұмыстарды жүргізу үшін 1 желтоқсаннан бастап ұзақтығы 72 сағатқа су айдау тоқтатылатындығын хабарлаймыз», - деп жазды А.Кенжебеков.
Айта кетейік, «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС-гі жөндеу-профилактикалық жұмыстары аяқталған соң ауызсу тұрақты түрде беріледі.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: freepik.com