Атырау облысында “Табиғат”КМҚК-на қарасты суару арналарын қалпына келтіру бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған кәсіпорын 21 арна мен “Ералы” гидроторабына қызмет көрсетеді. Жүйенің жалпы ұзындығы 1 300 шақырымға жуықтайды.
Кәсіпорын қарамағында 220 маман мен 50-ден астам техника бар. Биыл қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 399 млн теңге бөлінген.
Былтыр 130 шақырым арна тазартылса, биылғы маусымда жұмыс негізгі учаскелерде жалғасып жатыр. Жекелей тоқталсақ, “Сборный” арнасының 4,3 шақырымы аршылып, оған 3 техника тартылған. Лайланған, шөп пен қамыстың қаптауынан судың ағыны тежелген аумақтарда тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ “Алға” (3,2 км), “Мартыши” (16,5 км), “Бақсай” (10 км) арналары да аршылды.
Жыл аяғына дейін “Ақсай” және “Бағырлай” арналары да тазартылады.
Кәсіпорын директоры Асланбек Рысжановтың айтуынша, бүгіннің өзінде атқарылған жұмыстың нәтижесінде 15 арна 90 пайызға дейін толған.
* Соңғы жылдардағы негізгі мәселе – тасқын кезінде арналардың лайлануы. Соның кесірінен су шалғай ауылдарға 15-20 күнде бір-ақ жететін. Мысал ретінде Қызылүй елді мекенін айтуға болады. Қазір оған су екі есе жылдам барады. Бұл – жүйелі жұмыстардың нәтижесі, – деді А. Рысжанов.