Атырау облысындағы ірі мұнай компаниясы сатылып кетуі мүмкін

Атырау облысы Жылыой ауданындағы Айранкөл кен орнында мұнай өнідрумен айналысатын «Каспий нефть» компаниясының активтерін ірі кәсіпкер Тимур Құлыбаев сатып жіберуі әбден ықтимал деп хабарлайды AtyrauPress  тілшісі.


Компанияға қатысты жасалатын ірі мәміле туралы хабарлама Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланды. Ақпарат көздеріне сенсек, дәл қазіргі уақытта келісімдер қарастырылып жатқан көрінеді. Әңгіме компания құнының кемінде 10%-ына тең активтердің сатып алынуы немесе сатылуына байланысты. Сонымен қатар келісім 25%-дан астам көлемдегі қарыз алу нұсқасын да қамтуы мүмкін.5 тамызда «Каспий нефтьтің» жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев иелік ететін Joint Resources компаниясы өзіне қатысты мәмілені растаған. 
Нақты сатып алушылар туралы расталған деректер жоқ, дегенменен, сатып алушылардың қатарында Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жүрген батыс инвесторы бар екендігі айтылуда. Жыл соңына дейін кім екенін анық айтылады екен.

Айта кетейік, «Каспий Нефть» жылына шамамен 1 млн тонна мұнай өндіреді. Салық түсімдері бойынша ол елдегі ең тиімді компаниялардың бірі саналады. Осы көрсеткіштер бойынша ол «Теңізшевройл» мен «ҚарашығанақПетролиум Оперейтингке»  компанияларынан кейінгі орында.

Дегенменен, негізгі өндіріс орны - Атырау облысындағы Жылыой ауданындағы Айранкөл кен орнында мұнай өндіру төмендеп, осыған байланысты компания жаңа учаскелерден мұнай іздеуді қолға алған. Биыл тереңдігі екі шақырымнан асатын барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. 

 Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Каспий Нефтьтің» таза пайдасы 33,5 млрд теңге құраған.


Қаршыға Көшеков

Фото архив AtyrauPress