Атырау облысындағы ауылда көпір салынбақ

Келесі аптада Қызылқоға ауданының Миялы-Жангелдин бағытындағы жырылған тасжолға жаңа көпір салынады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Биыл наурыз айында Ойыл өзені арнасынан асып, аудан орталығы Миялыны су басу қаупі туындады. Осы ретте Миялы мен Жангелдин ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін араларындағы жол учаскесі жырылған еді. Осы әрекеттен соң өзен суының деңгейі төмен түсіп, аудандағы барлық қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Кенжебек Камаладеновтың айтуынша, құрылыс алаңына «Атырауинжстрой» мердігер мекемесі топырақ төгу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Аудан әкімдігі тарапынан жырылған тасжолға көпір салу туралы ұсыныс беріліп, ол аудан тұрғындарынан қолдау тапты. Ұсыныс облыс әкімдігі тарапынан келісіліп, келесі аптада көпір құрылысының жұмысы басталады. Қазір «Миялы-Жангелдин» бағытындағы жырылған тас жолға көпір салу бойынша жердегі судың құрылыс жүргізуге қолайсыздық туғызуына байланысты алдымен құрғату жұмыстары жүргізілуде. Тасжол жырылған кезде аудан орталығынан Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріне көлік қатынасы тоқтап қалатын», - деді Кенжебек Камаладенов.

Көпір салу жұмыстары келесі жылы аяқталады. Бірақ қай кезде пайдалануға берілетіні әзірге белгісіз.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: Алмас ҚАБДОЛОВ