Атырау облысында өзін өртеген азаматтың жағдайы өте ауыр

Дәрігерлер Мақат ауданы Доссор ауылында өзін өртеп жіберген 63 жастағы ер азаматтың жағдайы өте ауыр деп отыр. Қазір ол облыстық аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық ауруханасының жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Рашидин Әбдіғаниевтің айтуынша, зардап шеккен азаматтың денесінің 81 процентін күйік шалған.  

«Бізге 14 қаңтар күні кешкі сегізде Доссордан 1961 жылы туған азамат өте ауыр жағдайда жеткізілді. Шұғыл түрде жан сақтау бөліміне жатқызылды. Денесінің 81 проценті күйіп кеткен. Ал күю тереңдігі 2-3 дәрежеде. Әрі қарай да бақылауымызда болады. Бар қажетті ем көрсетіледі», - деді Р.Әбіғаниев.

Еске салайық, бұл оқиға 13 қаңтарда күндіз болған. Мақат аудандық полиция бөліміне 16 сағат 45 минуттар шамасында Доссор ауылының Б.Аймағамбетов көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде ер азаматтың өзін өртеп жібергені туралы ақпарат түскен.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы денесін күйік шалған тұрғынды аудандық ауруханаға жеткізген. Сол кезде оның денесінің 60-70 проценті күйген деген диагноз қойылды.

Айта кетейік, ер азамат отбасылық дау-жанжалдан соң үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберген. Барлық мән-жай анықталған соң қосымша ақпарат беріледі.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің  105-бабы бойынша (суицидке дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Эльмира Мықтыбаева