Атырау облысында Ұлттық жобалар аясында 123 жоба іске асып жатыр

Жоспар бойынша жыл аяғына дейін тағы 88 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қазір жобаларды іске асыру үшін 86 мекеме жұмылдырылған. Олар жаңа жұмыс орындарын құрып, осы уақытқа дейін  «Электронды еңбек биржасы» порталына 2 мыңнан аса бос вакансия жариялаған.  Нәтижесінде жұмыссыз жүрген 602 адам жұмысқа орналасқан.   

-    Оның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының «Ауыл ел бесігі» бағыты бойынша  облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы 267 бос жұмыс орнын құрды. Осы бағыт бойынша «Электронды еңбек биржасына» 251 бос вакансия жариялап, 230 адамды жұмысқа қабылдады. Ал, ұлттық жобаның «Ішкі жолдар желісін дамыту» бағыты бойынша облыстық жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы 235 жұмыс орнын құрып, бүгінде 107 адам жұмысқа орналасты, деді Г.Аманғалиева

Жұмыссыздар есебінде тұрған кез-келген азамат ұлттық жобалар бойынша бос вакансияларды «Электронды еңбек биржасы» порталынан бақылап, түйіндеме қалдыра алады.

 Фото: ашық дереккөздерден алынды.