Атырау облысында тұрғын үй құрылысының көрсеткіші төмен

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1 пайызға артқанын айтты. Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында байқалды.

«Биылғы қаңтар-қыркүйекте 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,9 пайызға артық. Оң өсім 15 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіштер Түркістан, Жетісу, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді. Көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Абай, Атырау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8 пайызды құрады.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды.