Атырау облысында туған жерге деген махаббаттың символы пайда болды

Индер ауданының орталығында адамның қос алақанымен жүректің бейнесін көрсетіп тұрған композиция пайда болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Индер кентінің орталығына қос алақанмен жүректің пішіні бейнеленген және төменгі тұсында Inderbor деген жазуы бар композиция орнатылды. Ол түнгі уақытта әртүрлі  түске еніп, жарық беріп тұрады. Бұл - жергілікті шебер Азамат Кенжеғалиевтің туындысы. Оның айтуынша,  арт-нысан туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіреді.

«Қос қол құрақ көрпе секілді темірден құралып жасалды. Онда гүлдің суреттері бейнеленген. Ал Inderbor деген жазуда жүректің суреттері ойылған. Туған жерді гүлдендіру, оны сүю – әр адамның қолында деген ұғымды білдіреді. Көптен ойда жүрген нәрсе еді. Аудан әкімі Дарын Шамұратов мені бірден қолдап, осы идеямнң жүзеге асуына мүмкіндік берді. Осыған дейін бірнеше аудан басшысына кірген кезде жобам елеусіз қалды. Содан, ауданның бірнеше кәсіпкерлерінің қаржылай қолдауымен орталықта осындай композиция пайда болды», - дейді Азамат Кенжеғалиев.

Шебер бұл арт-нысанды жасауға тамыз айында кірісіп, 90 күн шамасында аяқтаған. Азамат Меңдібайұлы оны темір құрақ деп отыр. Өйткені алдын ала темірден гүлдер жасалып, кейін бәрін құрақ құрағандай тұтас алақан етіп жасап шығыпты. Композицияның іші-сырты автокөлік бояуымен боялған. Сондықтан да шебер оны жыл сайын бояудың қажеті жоғын алға тартты. Тағы бір ерекшелігі – түнгі уақытта түрлі түске енеді. Композицияның биіктігі – 2 метр 30 см.

Азамат Меңдібайұлының темірден түйін түйгеніне екі жылдан асты. Осыған дейін ол ағашқа жан бітірді. Ойлана келе өзінің темірге жақын екенін түсінді. Шебердің басқа да туындысы ауданға көрік беріп тұр. Индердегі «Жеңіс» саябағы қайта жөнделіп, жаңартылған соң оның қақ ортасында А.Кенжеғалиевтің қолынан шыққан мәңгілік алау бейнесі орын тапқан.

Ұста алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ол Атырау қаласында суға батып бара жатқан әйелді құтқарамын деп, қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевке арнап композиция жасауды жоспарлап отыр. Егер бұл бастамасы қолдау тапса, бірден кірісуге әзір.

«2019 жылғы наурыз айында патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев әйелді судан құтқарамын деп қаза болды. Оның артында ұрпағы да қалмады. Біреуге көмек қолын созамын деп өз өмірін құрбан етті. Шалқардың бұл ерлігін ұмытпау мақсатында және жастардың мұндай әрекетке баруына тосқауыл ретінде қайғылы оқиға болған жерге де арт-нысан жасау ойымда бар. Тіпті, оның нобайы да дайын», - деді шебер.

Индерліктер мен оның қонақтары орнатылғанына бір жұма болған туындының жанында естелікке фотоға түсіп жатыр. Тұрғындар ауданда көрікті жердің пайда болғанына дән риза.

Эльмира Мықтыбаева

2, 4-ші фотоны А.Кенжеғалиев ұсынды, ал 1, 3-ші фото Индер ауданы әкімінің Фейсбук парақшасынан алынды.