Атырау облысында шомылуға арналған ресми 46 орын бекітілді

Өңірде су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу маусымына дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дарын Әнуарбеков баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Бүгінгі таңда Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 11 сәуірдегі №51 қаулысына сәйкес облыс аумағында көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа, шомылуға арналған ресми 46 орын бекітілді. Бұл учаскелер Атырау қаласы мен жеті аудан аумағында орналасқан. Олардың қатарына Жайық, Қиғаш, Ойыл, Сағыз, Шарон өзендері мен Қамыскөл, Каспаркин арналары кіреді. Әрбір учаске тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес жабдықталуда.

- Қауіпсіздік шараларын кеңінен түсіндіру мақсатында облыс тұрғындары жиі шоғырланатын орындарда LED экрандар мен дыбыстық хабарлама жүйелері арқылы судағы қауіпсіздік ережелері таралуда. Сонымен қатар «2ГИС» мобильді қосымшасына шомылуға тыйым салынған орындар белгіленді», – деді Д.Ануарбеков.

Брифинг барысында балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Шомылу маусымы қарсаңында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында арнайы түсіндірме сабақтар өткізілген. Сондай-ақ ата-аналарға қауіпсіздік туралы бейнематериалдар жолданып, WhatsApp топтары арқылы ақпарат таратылған.

Аға офицердің мәліметінше, құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жедел-құтқару жасағы мен жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған патрульдік топтар күнделікті кезекшілікке шығады. Қызметкерлердің дайындығы мен техникалық жарақтандырылуы бақылауда.

Айта кетейік, заң талаптарын бұзып, тыйым салынған жерлерде шомылған немесе мас күйінде суға түскен азаматтар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Сөз соңында спикер облыс тұрғындарын тек ресми бекітілген жағажайларда суға шомылуға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.